ҮЙДІ БӘЛЕ-ЖАЛАДАН, ЖЫН-ШАЙТАННАН ҚАЛАЙ ТАЗАЛАЙМЫЗ?
Бүгінде не көп, «намаз оқимын, Құран оқимын» деген атты жамылып, біреудің «жолын ашушылар», «үйіңді бәле-жаладан тазалап берем, бизнесіңді жүргізем» деп өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар көп.
Тіпті, «суретіңізді жіберіп, карточкаға ақшаны аудара салыңыз, мен осында отырып-ақ жолыңызды ашып, уайымыңызды кетіріп, ісіңізді жүргізіп берейін» дейтіндер де жоқ емес. Ең сорақысы, солар «сені дуалап жолыңды байлап тастаған, егер қазір жолыңды ашпасақ, бақытсыз боласың» деп алдап, арбап, адамдарды өз құрығына оңай іліп жүр.
Ал құмалақ, карта, алақанға қарап бал ашу деген секілді мұндай амалдар діннің ісінен емес, жынның ісінен екенін елдің бәрі түсіне бермейді. Өйткені, көптеген балгерлер мен көріпкелдер Исламның атын жамылып жұмыс жүргізеді. Ал шындығында ғайыпты болжаған адам Алланың алдында айыпты болады, тозаққа лайықты болады.
Жын-шайтандар – бізбен қатар, параллель өмір сүретін тіршілік иелері. Ал олардың басты мақсаты – адамды тура жолдан тайдыру, Аллаға серік қосу күнәсін жасатып, оларды тозаққа лайықты ету. Сондықтан да жын-шайтандар – адам баласының басты дұшпаны. Дегенмен, олардан қорғанудың жолдары да жоқ емес. Тек соларды ықтиятты түрде орындап, күнделікті әдетімізге айналдыра алсақ, жын-шайтан атаулының бізге ешқандай ықпалы, зияны тимейтіні анық.
✔ Үйді бәле-жала, жын-шайтаннан қорғаудың ең басты жолы – үйде үнемі азан шақырылып, намаз, Құран аяттарының оқылып тұруы. Пайғамбарымыз ﷺ: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді», - деген. (Ахмад, Муслим)
Алланың есімі аталған жерден шайтан алыс жүреді. Сондықтан төменде күнделікті оқылатын дұғалардың бірнешеуін көрсетуді жөн көрдік:
1. ҮЙДЕН ШЫҚҚАН КЕЗДЕ ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА:
Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алла (Тағаланың) күш–қуатынан асатын ешқандай күш – қуат жоқ.
«Бисмилләһ, тәуәккәлту ъаләллаһ, уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ»
2. ҮЙГЕ КІРЕР КЕЗДЕ ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА:
Алланың атымен кірдік, Алланың атымен шықтық. Раббымызға тәуекел еттік. ( "Кейін үй ішіндегілерге сәлем берсін" делінген).
«Бисмилләһи уәләжнә, уә бисмилләһи харажнә, уә ъалә раббинә тәуәккәлнә».
3. ӘЖЕТХАНАҒА КІРЕР КЕЗДЕ АЙТЫЛАТЫН ДҰҒА:
Иә, Алла! Шын мәнінде, мен ер және әйел жын-шайтандардан Өзіңе сыйынамын.
«Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл -хубси уәл-хабәис»
4. ӘЖЕТХАНАДАН ШЫҚҚАН КЕЗДЕ АЙТЫЛАТЫН ДҰҒА:
(Иә, Алла!) кешіріміңді сұраймын.
«Ғуфранәк»
5. ТАМАҚТАНАР АЛДЫНДА АЙТЫЛАТЫН ДҰҒА:
Иә, Алла! Біздің бұл тамағымызға береке бер және бізге одан жақсысын нәсіп ет.
«Аллаһуммә бәрик ләнә фиһи уә атъимнә хайрам-минһ».
Немесе, «Бисмилләһ» (Алланың атымен ) деп айтуларыңызға болады.
6. КӨЛІККЕ МІНГЕН КЕЗДЕ АЙТАТЫН ДҰҒА:
Алланың атымен, Аллаға шүкір!
«Бисмилләһ(и), әлхамду лилләһ”.
7. ҰЙЫҚТАР АЛДЫНДА ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА:
Екі алақанын біріктіре жайып, көкірек тұсына әкеледі де, кейін: «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқып, алақанына үрлеп дем салады. Басы мен жүзінен бастап денесінің қолы жеткен жерлерін сипап шығады. Кейін "Аятул Курсиді" оқиды.
8. ТАҢЕРТЕҢ ҰЙҚЫДАН ОЯНҒАН КЕЗДЕ АЙТЫЛАТЫН ДҰҒА:
Бізді жан тапсырған соң қайта тірілткен Аллаға шүкір! Әрі біз Оған қайтушымыз.
«Әлхәмду лилләһил-ләзи ахйәәнә бәъдә мә әмәәтәнә уә иләйһин - нушур».
***
Умаийа бин Махши былай дейді: «Күндердің күнінде бір адам Алла Елшісінің ﷺ жанында отырып тамақ жеді және ол соңғы түйір қалғанға дейін Алланы еске алмап еді. Соңғысын аузына апара беріп: «Басында да, соңында да Алланың атымен» деп еді, Пайғамбарымыз ﷺ күліп: «Шайтан бағанадан бері онымен бірге тамақтанып отыр еді, ол Алланы еске алғанда қарнындағысының бәрін шығарып жіберді», - деген. (Әбу Дәуд, Насаи)
Демек, адам үйіне кірерде, шығарда, ас ішерде Алла Тағаланың есімін тіліне тиек етпесе, онда шайтан өзінің нөкерлеріне: “Бізге бұл үйде орын да бар, тамақ та бар”, - деп қуанады. Ал егер ол үйіне кірерде және ас ішер алдында «Бисмилләһ» (Алланың атымен) деп Алла Тағаланың есімін атаса, шайтан: “Бұл жерде бізге орын да, тамақ та жоқ!”, - деп қашады. (Муслим)
Сондықтан осы дұғаларды оқып жүру арқылы өзімізді, отбасы, бала-шағамызды шайттаның азғыруынан, түрлі бәле-жаладан қорғап жүрейік!